Accessibility links

Арменияда негізгі заңға қатысты референдум өтіп жатыр


Армения президенті Серж Саргсян (ортада) конституциялық реформа туралы референдумге дауыс беруге келді. Ереван, 6 желтоқсан 2015 жыл.
Армения президенті Серж Саргсян (ортада) конституциялық реформа туралы референдумге дауыс беруге келді. Ереван, 6 желтоқсан 2015 жыл.

Армения азаматтары бүгін ел конституциясына өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша референдумға дауыс беріп жатыр. Президент Серж Саргсян ұсынған өзгертулер Арменияда негізгі билікті президенттен парламентке өткізуді көздейді.

Оппозициялық «Жарангутюн» партиясының жетекшісі Раффи Ованнисян конституциялық реформа жүргізуге қарсы дауыс бергенін айтып, дауыс беру барысында көптеген бұрмалаушылық болып жатыр деп мәлімдеген. Ол сонымен бірге өз жақтастарын дауыс беру аяқталған соң Еревандағы Азаттық алаңына жиналуға шақырған.

Референдум өткізуге қарсы оппозиция белсенділері 1 желтоқсаннан бері Армения астанасында наразылық шерулері мен өзге де акцияларды тәулік бойы тоқтатпастан жалғастырып келеді.

Орталық сайлау комиссиясы мен полиция таратқан мәліметтерде дауыс беру заңға сәйкес өткізіліп жатқаны айтылған. Бүгін сонымен бірге елдегі алты облыста жергілікті билік орындары сайлауы да өтіп жатыр.

Дауыс беру барысын жергілікті қоғамдық ұйымдардан үш мыңнан аса және халықаралық ұйымдардан 116 бақылаушы қадағалап отыр.

Арменияда екі жарым миллионнан аса адам дауыс беру құқығына ие.

XS
SM
MD
LG