Accessibility links

Мәмбеталин адвокаты прокуратураға қарсылық білдірді


Серікжан Мәмбеталиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов (сол жақта). Алматы, 5 қаңтар 2016 жыл.
Серікжан Мәмбеталиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов (сол жақта). Алматы, 5 қаңтар 2016 жыл.

«Араздық қоздырды» деп айыпталған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов бүгін сотта Алматы қалалық прокуратурасына қарсылық білдірді.

Мұқанов бұл мәлімдемесін Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қайта басталған Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің сотында жасады. Бүгінгі сот отырысына кіруден таңертең Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев кіруден бас тартқан еді. Белсенділер мұнысын судьяның жақындары мен жақтастарын сотқа кіргізбей отырғанымен түсіндірген. Бірақ оларды сот залына алып келді.

Ермұрат Мұқанов прокуратураға қарсылығын "Мәмбеталин мен Нарымбаевтың ісін қарауға берген өтінішіме прокуратура жеткілікті мән бермеді" деп түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, прокуратура екі белсендіні «айыптауға бейім» екенін көрсеткен.

Айыпталушылар мен олардың қоғамдық қорғаушылары Мұқановтың прокуратураға қарсылығын қолдады. Процеске қатысып отырған прокурор Дәурен Сағындықов қарсылыққа нарызылығын білдірді. Судья кеңесу бөлмесіне кетіп, қайтып келген соң адвокат қарсылығы қабылданбайтынын мәлімдеді.

Мәмбеталин мен Нарымбаев былтырғы қазан айынан бері қамауда отыр. Сот бұрын олардың "бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамаудан босату туралы" арыздарын қабылдамай тастаған еді. Мәмбеталин мен Нарымбаевты Қазақстан мұсылмандары одағының басшысы Мұрат Телібековтікі деген даулы кітаптың үзіндісін жариялағаны үшін жауапкершілікке тартып жатыр. Белсенділерге ұлттық араздық қоздыратын белгілері бар мәліметтерді таратып, ұлттық намысты қорлағаны үшін қылмыстық айып тағылған. Мәмбеталин мен Нарымбаев бұл айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG