«Араздық қоздырды» деп айыпталған азаматтық белсенділер - Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің бүгінгі сотында айыптаушы жақтың куәгері Александр Ляхов сұралды.
Бүгін таңертеңгі сотта залдан шығарылған Нарымбаев пен Мәмбеталинді түсте басталған сотқа қайта кіргізді.
Белсенділер Нарымбаев пен Мәмбеталиннің айтуынша, олар өздеріне «араздық қоздырды» деген айыптың тағылуына себеп болған даулы кітаптың үзінділерін Ляховтың сайтынан көшіріп алған.
Ляхов сот кезінде lyakhov.kz сайтында Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабы 2002 жылы шыққанын, екі-үш жыл бұрын ол кітапты сайттан жойғанын, бірақ 2015 жылы техникалық қателіктен сайтқа қайта шығып кеткенін айтты. Куәгер даулы кітапты 2015 жылы қыркүйекте қайта жойғанын баяндады.
Ал Мәмбеталин «Ветер с улицы» кітабы қазанға дейін lyakhov.kz сайтында болғанын, ол үзінділерді осы сайттан алғанын айтып, сайттың скриншотын көрсетті. Ляхов сайттың скриншоты дәлел бола алмайтынын, оны қолдан жасауға болатынын мәлімдеді.
Ал "Ветер с улицы" кітабының авторы Мұрат Телібеков "даулы үзіндінің оның кітабында жоқ" екенін айтып, 1994 жылы Алматыда шыққан кітаптың алғашқы данасын алып келген. Ол Мамбеталин мен Нарымбаев бөліскен даулы үзінді интернеттен алынғанын, кітаптың интернеттегі нұсқасы туралы ештеңе білмейтінін жеткізді.
Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған кітаптан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға сәйкес үзінді мәтіні «ұлтаралық араздық» тудыруға себеп болуы мүмкін. Белсенділер айыпты мойындамайды.