Ақтөбе қаласының әкімшілік соты бүгін азаматтық белсенді Әлима Әбдіроваға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (914 мың теңгеден астам) айыппұл салуға шешім шығарды. Сот белсендіні Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзу» бабы бойынша жазаға тартқан. Сотқа қатысқан кұқыққорғаушы Ольга Климонованың сөзінше, судья Тойбазар Әбдірова екі рет: 27 сәуірде Ақтөбеде рұқсат етілмеген шеруге шыққанда және 1 мамырда – облыстық әкімдік алдында серуендеп жүргенде құқық бұзған деп тапқан. Соңғы аталған жағдайда судья Әбдірованы ұстаған полиция қызметкерлерінің куәгерлік сөздерін негізге ала отырып, белсенді заңсыз шеруге адамдарды тартпақ болған деген байлам жасаған.
Әлима Әбдірова сотқа жауабында өзін полиция қызметкерлері ұрлап әкеткенін мәлімдеген. Құқыққорғаушы Ольга Климонованың Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған видеожазбада белсенді көшеге мерекелік тәтті нан алуға шыққанын айтады. Бұған қоса ол полиция өкілдері өзіне күш көрсеткенін мәлімдеген.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин Әбдірованың не себеппен ұсталғанын сұраған Азаттық тілшісіне «дым хабарым жоқ» деп жауап берді.
– Менде бүгін демалыс күні. Ертең де демалыс. Ал бүрсігүні телефон шалыңыз – мен сізге жауабын берейін, - деді Ардагер Уайдин.
Бұған дейін Ақтөбеде мамырдың 1-і күні азаматтық белсенді Әлима Әбдірованың ұсталғаны туралы ақпарат тараған.Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасында белсендінің ұсталғаны туралы ақпаратты растай алмағанымен, Әбдіроваға «күш көрсетілген болуы мүмкін» деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарған.
Ақтөбеде танымал белсенді және құқыққорғаушы Әлима Әбдірова 26 сәуірде жалғыз адамдық «жер сатуға қарсылық» акциясын өткізген, соның ертесінде Ақтөбеде осы тақырыпқа өткен рұқсат етілмеген шеруге қатысқан.