Accessibility links

Ақтөбедегі қарулы шабуылдарға күдікті үш адамға полиция іздеу жариялады


Арнайы операция өтіп жатқан аудандағы полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.
Арнайы операция өтіп жатқан аудандағы полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жұма күні кешке «аса ауыр қылмысқа қатысы бар» деген күдікпен үш адамға іздеу жарияланғаны туралы ақпарат таратты.

Полиция хабарламасында Арсен Нұрланұлы Таңатаров (23 қазан 1990 жылы туған), Бақыт Бектайұлы Қуанышбаев (12 шілде 1983 ж.) және Әлібек Даниярұлы Ақпанбетов (19 маусым 1989 ж.) есімді азаматтар аталып, суреттері берілген. Құқық органдары өткен жексенбіде Ақтөбеде бұған дейін болмаған қантөгіске әкелген қарулы шабуылдарға осы адамдардың қатысты бар деп санайды.

Кеше Ақтөбеде күш құрылымдарының бірнеше сағатқа жалғасқан арнайы операциясы барысында «қарулы қарсылық көрсеткен» бес күдіктінің көзі жойылғаны хабарланған.

Сәрсенбіде ҰҚК жетекшісі Владимир Жұмаханов Ақтөбеде терроризмге қарсы операциялар кезінде «13 күдікті қаза тауып, 14-і жараланғаны, алты адамның іздестіріліп жатқанын» айтқан. Сол күні ішкі істер министрлігі күдіктілердің бірі Ақтөбе облысы Қобда кентінен табылғаны туралы ақпарат таратқан.

Маусымның 5-інде Ақтөбе қаласында белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуылдан үш әскери қызметкер мен төрт бейбіт тұрғын қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG