Accessibility links

Сот "Евразия+ОРТ" компаниясына қарсы шағымды қанағаттандырмады


Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Татьяна Черныш. 15 маусым 2016 жыл.
Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Татьяна Черныш. 15 маусым 2016 жыл.

Алматы соты қарағандылық адвокат Нұрхан Жұмабековтің "Қазақстанның бірінші арнасы" қарайтын "Еуразия+ОРТ" компаниясына қарсы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Бостандық аудандық сотының судьясы Татьяна Черныш бүгін сот қаулысының қорытынды бөлігін оқыды. Сот өзі шығарған қаулыға ол жарияланған күннен бастап бір ай ішінде апелляциялық шағым түсіруге болатынын айтты.

Шағымданушының өзі сот қаулысы оқылатын кезде болмады. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескенінде Нұрхан Жұмабеков Татьяна Черныш шығарған қаулымен толық танысқаннан кейін апелляциялық шағым түсіру жайын шешетінін хабарлады.

Жауап беруші мен үшінші жақтың өкілдері заңгерлер Дмитрий Братусь пен Максим Мостович те бүгінгі сотқа қатысқан жоқ. Азаттық олармен хабарласа алмады. Сотқа жауап беруші және үшінші жақ ретінде "Еуразия+ОРТ" компаниясы мен арна жүргізушісі Аймира Шаукентаева тартылған. Бірақ олар сот отырыстарына қатысқан жоқ және сотта олардың мүддесін аталған заңгерлер қорғады.

Бірер күн бұрын екі тарап бітім жасасудан немесе медиаторға жүгінуден бас тартатынын мәлімдеген. Жұмабеков шағымын толық қанағаттандыруды талап еткен. Братусь шағымның "негізсіз және заңсыз" екенін айтып соттан шағымды орындаудан толықтай бас тартуды сұраған.

Нұрхан Жұмабеков бұған дейін "Еуразия+ОРТ" компаниясының үстінен шағым түсіріп, моральдық шығын ретінде 100 мың теңге талап еткен. Шағымға телеарна жүргізушісі Аймира Шаукентаеваның эфирде айтқан сөзі - жер мәселесі бойынша митингтерді өткізген адамдарға "ақша төленгені" туралы таратқан хабары себеп болған.

XS
SM
MD
LG