Ресей ғарыш агенттігінің басшысы Игорь Комаров "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында Роскосмос Байқоңыр ғарыш айлағынан кетпейтінін айтқан.
Комаров Байқоңыр ғарыш айлағына орнатылған инфраструктура тозбағанын, Ресей Қазақстанмен ғарыш саласындағы байланысын кеңейте түсетінін де жеткізген.
Өткен аптада Ресейдің вице премьер министрі Дмитрий Рогозин Ресей Байқоңырдағы жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеген.
Бұған дейін Қазақстанның вице премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Мәскеуде журналистермен кездесуде Ресей Байқоңырды 2025 жылдан кейін Қазақстанға қайтарып беруіне болатынын айтқан. Сағынтаев өз сөзінде Қазақстан Байқоңырды басқа елге жалға беруі мүмкін екенін де жеткізген.
Ресей Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алған. Сағынтаевтың сөзінде, Ресей Қазақстанға Байқоңыр үшін жыл сайын 120 миллион доллар төлейді.