WikiLeaks сайты АҚШ демократиялық партиясы ұлттық комитетінің электрондық пошта арқылы жолданған 20 мыңға жуық хатын жариялады. Олардың көбі осы партиядан АҚШ президенттігіне кандидат болуға үміткер Хиллари Клинтонның электрондық поштасы туралы іске байланысты хаттар.
Бұл авторлары «Hillary Leaks» деп атаған хаттардың бірінші бөлігі ғана.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті Хиллари Клинтонның мемлекеттік хатшы қызметінде болған кезде хат-хабар алмасуға жеке поштасын пайдалануымен байланысты істі тексеруді қайта жалғастырған. Оған Клинтонның мемлекеттік құпиясы бар мәліметтерді қорғалмаған жеке пошта жәшігінде сақтауы негіз болған. Оған қоса Клинтонның ішінде құпия ақпараты бар бірнеше хатты өз жәшігінен жолдағаны анықталған. Клинтонның қорғаушылары ол қызметтік хат алмасу кезінде жұмыс поштасын ғана пайдалану туралы ережені байқамай бұзған дейді.
Бұл тексеру АҚШ-та Хиллари Клинтон қатысып жатқан президенттік сайлау науқаны қызған кезде басталған. АҚШ президентінің кезекті сайлауы 2016 жылы қарашада өтеді.