Accessibility links

ТЖД: "Барахолкадағы" өрт туралы кеш хабарланды


"Барахолкадағы" өрт. 13 қыркүйек 2013 жыл (Көрнекі сурет).
"Барахолкадағы" өрт. 13 қыркүйек 2013 жыл (Көрнекі сурет).

Алматыдағы "Барахолка" базарының "Олжа" деп аталатын бөлігінде шыққан өрт туралы саудагерлер кеш хабарлады деп мәлімдеді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі бастығының орынбасары Бағдат Шайзада.

18 тамыз күні кешке "Барахолка" атанып кеткен базарлар аймағындағы "Олжа" сауда кешенінің қоймалары өртенген. Өрт аумағы үш мың шаршы метрден асқан. Өрт бес сағаттан астам уақыт сөндірілген. Өрттен құрбан болған, я зардап шеккен жоқ. Өртті сөндіруге 350-ден астам төтенше жағдай қызметкерлері, ондаған техника мен тікұшақ тартылған. Өртті сөндіруге ұлттық гвардия күштері мен арнайы полиция жасақтары да жұмылдырылған.

- "Олжа" базарының қоймаларында өрт басталғаны туралы хабар 101 қызметіне сағат 16:26-да түсті. Жеті минуттан соң алғашқы өрт сөндіру бөлімі қоймалардың ашық жанып жатқанын байқады. Бұған өрт туралы кеш хабарланғаны себеп. Өрт күшейіп кеткен еді. Оқиға орнында адамдар тұрмыстық тауарларын сыртқа шығарып, сапырылысып жүрді. Тұраққа қойылған көліктер де көп. өрт сөндіру гидрантындағы судың қысымы да төмен болды. Өрт сөндірушілер барғанда өрт аумағы бір мың шаршы метрден асып кеткен, - деді Бағдат Шайзада.

Оның сөзінше, қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

Алматыдағы базарлардың өртеніп жатқаны бірінші рет емес. 2013 жылы қыркүйекте "Барахолка" атанып кеткен сауда орындары аумағында орналасқан "Олжа", "Аян", "Еуразия", "Керемет" базарлары да өртенген. 2014 жылы қарашада осы аумақтағы "Құлагер" мен "Арал" базарлары да өртенді. "Алатау-2" базарында да екі рет өрт болды. Алғашқы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде базарлардың бірінің басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деп айыпталған. Басқа базарлардағы өрттердің шығу себептері ашылмаған күйі қалды.

2012 жылы қала басшылығы Солтүстік айналма жолын кеңейту үшін "Барахолкадағы" 34 базардың сүрілетінін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG