Accessibility links

Астанада сот үкіміне наразылық танытқан тұрғынды полиция алып кетті


Сот шешіміне наразы Кенжеғайша Рақымбаева Министрліктер үйі алдындағы бағанаға өзін шынжырмен байлап тұр. Астана, 22 тамыз 2016 жыл.
Сот шешіміне наразы Кенжеғайша Рақымбаева Министрліктер үйі алдындағы бағанаға өзін шынжырмен байлап тұр. Астана, 22 тамыз 2016 жыл.

Семей қаласының тұрғыны Кенжеғайша Рақымбаева бүгін сот үкімімен түрмеге қамалған ұлын босатуды талап етіп, өзін Астанадағы Орынбор және Қонаев көшелерінің қиылысы тұсындағы Министрліктер үйінің бағанасына таңып тастады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қолына «Ұлымды қайтарыңдар» («Верните сына») деген жазуы бар плакат ұстаған семейліктің айтуынша, ұлының ісін қайта қарауды сұрап прокуратураға айтқан шағымдарынан «нәтиже шықпаған».

- 53 жасымда осылай күресіп келемін. Маған ешкім назар аудармайды. Осында жүргеніме бір апта болды. Мынадай акцияға шығуға мәжбүр болып отырмын. Ұлымды шынжырлағандай мен де өзімді шынжырлап тастадым, - дейді Кенжеғайша Рақымбаева Азаттыққа.

Рақымбаева наразылық акциясын сағат 10 шамасында бастаған. 20 минуттай уақыт өткен соң Кенжеғайша Рақымбаеваға арнайы қызмет сарбаздары (жедел әрекет ету жасағы) келіп шараны тоқтатуды талап етті. Талап орындалмаған соң полиция бұрандалы құлыпты ағытып, Рақымбаеваны Есіл аудандық полиция бөлімшесіне алып кетті.
Мұның алдында да семейлік наразы тұрғын өзін бас прокуратура қоршауына кісендеп тастамақ болған. Бірақ ол кезде оны прокуратурада қабылдаған еді.

Кенжеғайша Рақымбаеваның ұлы Семейде 11 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Рақымбаеваның пікірінше, 2011 жылы сәуірде ұлын қолдан жасалған іс бойынша соттаған.

XS
SM
MD
LG