Accessibility links

Пхеньян бесінші әрі ең қуатты ядролық сынақ жасады


Оңтүстік Корея өкілдері картадан Пхеньянның ядролық сынағынан кейін туындады делінген сейсмикалық белсенділіктің эпицентрін көрсетіп тұр. 9 қыркүйек 2016 жыл.
Оңтүстік Корея өкілдері картадан Пхеньянның ядролық сынағынан кейін туындады делінген сейсмикалық белсенділіктің эпицентрін көрсетіп тұр. 9 қыркүйек 2016 жыл.

Солтүстік Корея бүгін кезекті, бесінші рет әрі ең қуатты ядролық қаруын сынады деп хабарлады Оңтүстік Корея билігі. Пхеньян бұған дейін төрт рет ядролық сынақ жасаған ауданда қуаты 5,3 магнитуданы құрайтын жер сілкінісі тіркелді.

Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хенің мәлімдеуінше, ядролық қару сынау БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын өрескел түрде бұзады және ол санкцияны күшейтіп, Пхеньянның одан ары оқшаулануына әкеліп соқтырады.

"Мұндай арандату Солтүстік Корея режимінің өз түбіне өзі жетуін жылдамдатады" деген Пак Кын Хе Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ынды "фанат және жауапсыз адам" деп атады.

Соңғы жасалған сынақтың қуаты - 10 килотонна. Ол бұған дейінгі жарылыстардың қуатынан екі есеге артық. Хиросимаға тасталған атом бомбасы жарылысының қуаты 15 килотонна болған.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің сөзіне қарағанда, егер Пхеньяннің ядролық сынақ жасағаны расталса, онда оны мақұлдауға болмайды.

АҚШ пен Жапония Солтүстік Корея жағалауларына ауадан сынама алып, сынақ жасалған ауданға жақын территориядағы радиация деңгейін анықтау үшін барлаушы ұшақтарын жіберді.

Солтүстік Корея мұның алдында қаңтар айында ядролық қару сынаған соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі оны айыптап, жаңа санкциялар салған.

Халықаралық қауымдастық Пхеньянның ядролық оқтұмсықтар мен оларды алып ұша алатын баллистикалық зымырандарын сынап, қарулануды күшейткеніне алаңдайды.

XS
SM
MD
LG