Алматының Көксу ауданының үш тұрғынын өлтірді деген күдікпен ұсталған екі адам екі айға қамалды деп хабарлады Қазақпарат агенттігі. Алматы облыстық сотының хабарлауынша, күдіктілерді қамау туралы санкцияны 26 қыркүйекте Жамбыл аудандық соты шығарған.
Көксу ауданының тұрғындары, жеті жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген оралман үш азамат - Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан 18 қыркүйекте Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы базарға мал сатуға келген соң жоғалып, бірнеше күннен соң сүйектері табылған.
Кеше Астанада премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа үш адамның өлімін тергеу ісін жеке бақылауына алуды тапсырған.