Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға қатысты жергілікті полиция басшылары істі болды


Ақтөбеде қарулы шабуылдан соң қала көшелерінде жүрген полиция қызметкерлері. 8 маусым 2016 жыл.
Ақтөбеде қарулы шабуылдан соң қала көшелерінде жүрген полиция қызметкерлері. 8 маусым 2016 жыл.

Ақтөбедегі жергілікті полиция басшысы Мақсат Шляшев пен оның орынбасары Ермек Шоқановтың үстінен бас прокуратураның тергеу тобы қылмыстық іс қозғады. Бас прокуратура жергілікті полиция басшыларын маусымның басында болған қарулы шабуыл кезінде "қызметте әрекетсіздік танытты" деп айыптап отыр. Бас прокуратураның тергеу тобы қылмыстық іс қаулысын 11 қазан күні қабылдаған.

Қаулыда келтірілген мәліметтерге қарағанда, бесінші маусым күні жергілікті полиция басшылары "Паллада" қару сататын дүкеніне қаруланған полиция қызметкерлерін жіберіп, одан кейінгі қылмыстардың алдын алу үшін әрекет етпеген. "Паллададағы" шабуылдан соң ұлттық гвардияның 6655 әскери бөліміе кеткен "қарулы топтың жолын кесіп, оларды ұстауға нұсқау бермеген". Яғни, кәсіби міндеттеріне немқұрайлы қараған.

Осыған байланысты полиция басшыларының үстінен қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлімі ("қызметтегі әрекетсіздік") бойынша іс қозғалған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Шабуылға қатысты 29 адамға түрлі айып тағылып, олардың ісі сотқа жетті.

XS
SM
MD
LG