Accessibility links

ҰҚК: Мұнай ұрлығына қатысты ұсталғандар арасында радикалдық топ мүшелері де бар


"Арнайы операция" өткен Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты. 7 желтоқсан 2016 жыл.
"Арнайы операция" өткен Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты. 7 желтоқсан 2016 жыл.

Ақтөбе облысы мен Қазақстанның кейбір аймағында бүгін жүргізілген арнайы операция барысында мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен бірнеше адам ұсталған. Бұл туралы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі хабарлады.

ҰҚК ақпаратында желтоқсанның 7-і күні комитет қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта «мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан» деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясын жүргізгені айтылған. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғанын, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеді. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.

ҰҚК сонымен қатар «мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны» туралы да хабарлады.

Сәрсенбі күні күндіз Ақтөбе қаласы шетіндегі 41-разъезде орналасқан Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты аумағын қоршауға алған қарулы жасақ кәсіпорын территориясына ешкімді өткізбей және сыртқа шығармай күзетіп тұрды. Зауыт маңында жиналған мұнай тиеген КАМАЗ маркалы жүк көліктерінің бірінің жүргізушісі Азаттық тілшісіне Байғанин ауданынан бүгін зауытқа мұнай алып келгенін, таңнан бері зауытқа кіре алмай тұрғанын айтты.

Ақтөбеде маусым айында қарулы шабуылдар салдарынан жеті адам қаза тапқан. Билік теракт деп атаған оқиғалардан кейін оған қатысы барларды ұстау барысында аса күдікті оққа ұшқан. Қарулы шабуылдарға қатысы бар деп айыпталған жеті адамға өткен айда Ақтөбе соты өмірлік түрме жазасын кескен. Тағы екі адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.

XS
SM
MD
LG