Accessibility links

Жоғарғы сот: Сөз бостандығын сақтауға журналистер де жауапты


Ақпарат және байланыс вице-министрі Алан Әжібаев. Алматы, 11 қараша 2016 жыл
Ақпарат және байланыс вице-министрі Алан Әжібаев. Алматы, 11 қараша 2016 жыл

Астанада бүгін Қазақстандағы сөз бостандығына берілетін конституциялық кепілдіктердің орындалу жай-күйін талқылап жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Конференцияны Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі, "Сорос-Қазақстан" қоры, "Әділ сөз" баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы ұйымдастырған.

Жиында ақпарат және коммуникация мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы, Қазақстандағы сөз бостандығының жай-күйі талқыланды.

Конференцияда "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай биыл сот басылымды ар-намысын қорғау туралы шағым бойынша бес миллион теңге моральдық шығын төлеуді міндеттегенін айтып, мұндай сот шешіміне қарсылығын білдірді. Ол жиынға қатысып отырған жоғарғы сот судьясы Ербол Рақымбековтан Қазақстанда "әділ шешім шығаратын" судья бар ма, бар болса саны қанша екенін айтуын сұрады. Рақымбеков "судьялар сотқа тартылған БАҚ пен журналистерді жөнсіз соттап жібереді" деп кесіп айтудың дұрыс емесін айтты. Рақымбековтің сөзінше, сөз бостандығын іске асыруға судьялардың ғана емес, журналистердің өздерінің де қатысы бар. Ол бұл тұрғыда журналистер "барлығын жаза аламын деген ұстаныммен өзіне тым көп жауапкершілік алып қоятынын", "бұл мәселе заң бойынша қадағалануы тиіс екенін" айтты.

Ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев заңнамада кәмелетке толмаған балалардың бет-әлпетін БАҚ-та жариялаудың дұрыс-бұрыстығы туралы мәселе көтерді. Аймақтық БАҚ өкілдері, ҮЕҰ өкілдері кәмелетке толмаған балалардың жеке бас мәліметін қорғау туралы БАҚ туралы заңда болмаса да, басқа заңдарда барын айтты.

Жиынға ақпарат және коммуникация миинстрлігі, бас прокуратура, жоғарғы сот өкілдері, парламент депутаттары, аймақтық БАҚ басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар мен сөз бостандығын қорғау ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр.

Қарашаның басында жоғары сот алқасы "Жас Алаш" газеті мен "Жас-Ай" медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлы арасындағы дауға байланысты кассациялық шағымды қараған. Жоғарғы сот шағым бойынша әуелгі сот шешімін сәл өзгертіп, газетті Жасан Зекейұлына 5 миллион теңге өндіріп беруге міндеттеген.

XS
SM
MD
LG