Accessibility links

Сыдықова: Министр Мұхамедиұлымен арадағы дауды тоқтатамын


Арыстанбек Мұхамедиұлы, спорт және мәдениет министрі.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын өзіне "сексуалдық бопса жасады деп айыптаған Өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықова министрмен арадағы дауды енді жалғастырғысы келмейтінін мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеоүндеуде Сыдықова бұған дейін, 9 қазанда жариялаған үндеуінде өзі қолдаған режиссерлер "өз сөздерінен бас тартып, кінәларын мойындағандықтан" бұл тақырыпты жалғастырудың қажеттігі жоқ деп санайтынын айтқан. "Мен енді бұдан ары комментарий білдіріп, сұхбат бергім келмейді" деген Сыдықова.

Видеода Еңлік Сыдықованың адвокаты Гүлнара Жуаспаева да клиентінің қалауын қолдайтынын мәлімдеген. "Ол (Сыдықова - ред.) солай қалаған болса, режиссер кінәсін мойындағандықтан министрдің бұл тақырыбын жалғастырып, қолдаудың мәні жоқ. Бұл тақырыпқа бей-жай қарай алмайтындардың барлығынан, бізді қолдағандардан, бұл тақырыпқа қарсы болғандардан енді бұл тақырыпты қайта қозғап, талқылап, комментарий бермеуін сұраймын" деген Жуаспаева.

Қазанның басында интернетте өзін академияда 2011-2015 жылдары оқыдым деген актриса Еңлік Сыдықованың видеосы жарияланған. Сыдықова видеода 2011 жылы сол кезде академия ректоры болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлын оқуға түсуіне көмектесу үшін "әуелі ақша сұрап, кейін жыныстық бопсалады" деп айыптайды. Мұхамедиұлы әуелде өзіне қатысты мәлімдемелер жайлы қандай да бір комментарий беруден бас тартқан. Кейін ол Азаттыққа берген сұхбатында айыпты "дәлелсіз" деп, терістеген.

Кейін Гүлнара Жуаспаева Еңлік Сыдықованы қорғап жүруіне байланысты өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG