Accessibility links

Radiotochka.kz редакторы қысым жасалғаны туралы айтты


Radiotochka.kz сайтының бас редакторы Бекжан Ыдырысов.
Radiotochka.kz сайтының бас редакторы Бекжан Ыдырысов.

Қазақстандық Radiotochka.kz сайтының бас редакторы Бекжан Ыдырысов антикоррупция қызметінің қысымына байланысты Қазақстаннан кетіп қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін Facebook парақшасында хабарлады.

Ыдырысов өз постында антикоррупция қызметінің тергеушілері Radiotochka.kz сайтының директоры Бигелді Ғабдуллинге қарсы куәлік етуді талап етіп, қысым жасағанын жазған. Оның айтуынша, тергеушілер "Ғабдуллин ісіне қатысты ашық пікір айтуды тоқтату керектігін ескерткен".

"Тергеушілер Астанадағы екінші сұраудан кейін "жалған ақпарат бердің" деген айып тағып, Ғабдуллиннің жанына отырғызатынын тіке айтты. Олар менен Ғабдуллинге қарсы куәлік беруді талап етті" дейді Ыдырысов. Ол өз постында прокуратура оған іздеу жариялағанын да жазған.

Ыдырысов Азаттыққа жеке басының қауіпсіздігі үшін қай елге кеткенін құпия сақтайтынын, елден үш апта бұрын кеткенін, отбасы кеше (25 желтоқсан) жанына келгенін айтты.

Бас прокуратура мен Коррупцияға қарсы ұлттық бюроның баспасөз қызметі Ыдырысовтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 61 жастағы Ғабдуллиннің ұсталғаны туралы 15 қарашада хабарлаған. Қазір ол қамауда отыр. Бюро ақпаратына қарағанда, Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған".

XS
SM
MD
LG