Accessibility links

Ыдырысов: Қырымның мәртебесі түпкілікті анықталмаған


Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов брифингте сөйлеп тұр. Астана, 27 желтоқсан 2016 жыл.
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов брифингте сөйлеп тұр. Астана, 27 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанда жұмыс істейтін заңды және жеке тұлғаларға Ресейдің Украинадан аннексиялап алған Қырым түбегінде "тікелей екі жақты өзара қарым-қатынас жасаудан" мүмкіндігінше тартына тұруға кеңес берді. Ыдырысов бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте айтты.

"Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне қатысты олар бұл әкімшілік құрылымның мәртебесі анықталмағанын ескеруі тиіс екенін айтқым келеді. Біздің кеңесіміз - бұл тұрғыда қандай да бір тіке өзара іс-әрекеттестіктен тартыну керек" деді Ыдырысов. Ол көптеген елдер мен компаниялар "Қырымдағы ахуалға байланысты "ыңғайсыз жағдайда қалғанын" айтты.

"Біз халықаралық құқықтық тәжірибеде Қырымның мәртебесі түпкілікті реттелмеген деп санаймыз. Мәртебесі анықталмағандықтан біз Ресей мен Украина бұл мәселені түпкілікті шешудің саяси я өзге мүмкіндіктерін табады деп ойлаймыз. Бұл - ең алдымен олардың өз араларындағы мәселе" деді министр Ыдырысов.

19 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы Қырымды "Ресей уақытша оккупациялап алған территория" деп, ал Ресейді "басқыншы мемлекет" деп танитын қарар қабылдаған. Қазақстан бұл қарарға қарсы дауыс берген.

XS
SM
MD
LG