Accessibility links

Путин "Сирия бойынша бітім жасалғанын" айтты


Ресей президенті Владимир Путин (ортада) қорғаныс және сыртқы істер министрлерімен кездесіп отыр. Мәскеу, 29 желтоқсан 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) қорғаныс және сыртқы істер министрлерімен кездесіп отыр. Мәскеу, 29 желтоқсан 2016 жыл.

29 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрі Сергей Шойгумен және сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу үстінде "Сирия дағдарысын реттейтін үш құжатқа бейсенбі күні қол қойылғанын" мәлімдеді.

Путиннің сөзінше, Сирия үкіметі мен оппозициясы арасында жасалған үш келісімнің біреуі - оқ атуды тоқтату туралы мәміле.

"Қол жеткен келісімдер, әлбетте, нәзік, [сол себепті] ерекше көңіл бөлуді қажет етеді... Бұл - бірлескен жұмысымыздың нәтижесі" деді Путин.

Ресей президентінің айтуынша, Мәскеу Сириядағы әскери контингентін азайтуға келіскен. Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сирия дағдарысын реттеу бойынша Астанада келіссөз өткізуге қатысты дайындық басталып кеткенін айтты.

Путиннің мәлімдемесіне дейін Сирияның мемлекеттік SANA ақпарат агенттігі Сирия әскерінің жұмаға қараған түн ортасында оқ атуды тоқтататынын хабарлаған. Бұл хабарламаға сәйкес оқ атуды тоқтату шартының "Ислам мемлекеті" содырлар ұйымына қатысы жоқ.

Бітім жасау туралы хабар Дамаскінің оппозицияға қарайтын шығыс ауданы бомбаланған күні тарады. 29 желтоқсанда қаланың Шығыс Ғута бөлігіндегі Арбин ауданына жасалған әуе шабуылынан қырық шақты адам өлген еді.

XS
SM
MD
LG