Accessibility links

ІІД: Астанада демалыс күндері 2400 адам уақытша тіркелді


Астана полициясы (Көрнекі сурет).
Астана полициясы (Көрнекі сурет).

Астанада өткен демалыс күндері 2400-ге тарта адам жаңа заң бойынша уақытша тіркеуге тұрды деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Ал уақытша тіркеуге тұрғандарды қосқанда жалпы тұрақты тіркеуге тұрғандар саны 6500 адамнан асқан.

Қаңтардың басында Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер күшіне енген. Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.

Билік жаңа ереже «заңдағы олқылықтарды жою» мақсатында енгізілгенін айтады.

ІІД мәліметінше, жаңа заң ережелеріне байланысты 7-8 қаңтар күндері Халыққа қызмет көрсету орталықтарында миграциялық полиция қызметкерлері жұмыс істеп, тұрғындарды қабылдайтын қызметкерлер саны көбейтілген.

Бұған дейін Астанаға уақытша сапарлап барған тұрғындар жаңа талап бойынша тіркелу кезінде сағаттап кезек күтетіндерін айтып шағынған.

XS
SM
MD
LG