Accessibility links

Ақтауда кәсіподақты жабуға наразы жұмысшы краннан түспей отыр


Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішіндегі Оil Сonstruction Сompany (OCC) кәсіпорнының мұнайшысы Мейрамбек Қуантаев бүгін таңғы сағат 6-дан бері өндіріс басындағы кранда отыр деп хабарлады Азаттыққа сол жердегі мұнайшылар.

Өзін Әсентай деп таныстырған мұнайшының айтуынша, кран басында отырған Мейрамбек Қуантаев Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркетуді және оның төрайымы Лариса Харькованы қудалауды тоқтатуды талап етіп отыр.

Әсентай Мейрамбек Қуантаевтың апта бойғы аштықтан әбден әлсіреп, психологиялық тұрғыда шаршағанын айтты. "Ол ешкіммен сөйлесуден бас тартады және БАҚ өкілдерінің ортаға келіп, жағдайды жариялауын талап етіп отыр" дейді ол.

Қаламқас кеніші "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына тиесілі (компания активтерінің 50 пайызы - CNPC, 50 пайызы - "Қазмұнайгаз" үлесінде) болғандықтан, Азаттық компанияға өндірістік аймақтағы жағдайды көру туралы өтініш хат түсірген. Алайда компанияның кеңсе қызметкері Шаттыгүл Иманова журналистік сауалдың "Маңғыстаумұнайгаз" жарғысына сай емес" екенін себеп қылып, қабылдаудан да, оны компания бас директоры Бақыт Иманбаевқа жеткізуден де бас тартты.

ОСС - "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының мердігері. Ол компания иелігіндегі Қаламқас, Жетібай кеніштеріне жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысады. ОСС компаниясының 400-ге тарта жұмысшысы қаңтардың 5-інен бері тәуелсіз кәсіподақты тіркетуді сұрап, аштық жариялап отыр. Олар судан басқа нәр татпайтын аштықты жұмыстарын жасай жүріп жалғастырып жатыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG