Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішінде Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) жабылуына наразы Oil Construction Company (OCC) компаниясының жұмысшылары аштықты кәсіподақты қайта тіркету үшін ұстап жариялағанын мәлімдеді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы жұмысшылар ҚТКК төрайымы Лариса Харькованың жұмысшыларды аштықты тоқтатуға шақырған мәлімдемесіне орай айтты.
Жұмысшылар Харькованың аштықты тоқтатуға шақырған сөзіне қатысты "Аштықты Харькова үшін емес, жалпы конфедерацияны тіркетуді талап етіп ұстап отырмыз. Мәселе Харьковада емес, конфедерацияны қайта тіркетуде. Харькова болмаса орнына басқа төраға келеді. Біз о бастан кәсіподақты қайта тіркету талабын қойдық, соны аяғына дейін жеткіземіз" деді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық соты 4 қаңтарда әділет министрлігінің шағымы бойынша кеңсесі Шымкентте орналасқан ҚТКК-ны жабу туралы шешім шығарған. OCC-ның 400-ге тарта жұмысшысы кәсіподақты жабуға наразылық танытып, 5 қаңтардан бері аштық жариялап отыр. Олар судан басқа нәр татпайтын аштықты жұмыстарын жасай жүріп жалғастырып жатыр.
ҚТКК төрайымы Лариса Харькова 11 қаңтарда Шымкентте баспасөз конференциясын өткізіп, OCC жұмысшыларын аштықты тоқтатуға шақырған. "Ұйым төңірегінде, менің жеке өзіме қатысты туындаған жағдайға байланысты аштықты тоқтатуды сұраймын" деген. Ол соттың конфедерацияны жабу шешіміне апелляциялық шағым берілмеуі мүмкін екенін, шағымдану мәселесі бүгін ҚТКК үйлестіру кеңесінің жиынында анықталатынын айтқан.
ОСС - "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының мердігері. Ол компания иелігіндегі Қаламқас, Жетібай кеніштеріне жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысады.