Accessibility links

Байден: Әлем Ресей басқыншылығына қарсы тұруы тиіс


АҚШ вице-президенті Джо Байден (сол жақта) Украина президенті Петр Порошенкомен кездесіп тұр. Киев, 16 қаңтар 2017 жыл.
АҚШ вице-президенті Джо Байден (сол жақта) Украина президенті Петр Порошенкомен кездесіп тұр. Киев, 16 қаңтар 2017 жыл.

Киевке қызмет бабымен соңғы рет сапарлап барған АҚШ вице-президенті Джо Байден халықаралық қауымдастықты Ресей басқыншылығына қарсы тұруға, АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп әкімшілігін Украинаға берік қолдау көрсетуге шақырды. Байден Киевке АҚШ пен Украина арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толуына орай сапарлап отыр.

Байден АҚШ-тың Ресейге Қырымды аннексиялап алғаны үшін салған санкциялары Мәскеу 2015 жылы Минскіде жасалған бейбіт келісім шарттарын толық орындамайынша сақталуы тиіс екенін айтты. Ол Ресей Минск келісімі бойынша өзіне алған міндеттерін орындаудан бас тартып жатқанда келісім орындалады деуге сенудің қиын екенін, бірақ Украина біртұтас мемлекет ретінде алға жылжудан үмітті екенін білдірді.

Украина президенті Петр Порошенкомен кездескен Джо Байден Украина заң үстемдігін орнату және коррупцияны жою туралы міндеттемесіне адал болууы тиіс екенін айтты. Ол украиндықтарды ашықтыққа және мемлекет қаржысын жеке басының пайдасына жымқырған үкімет шенеуніктерін тергеп, жауапқа тартуға шақырды.

Порошенко Байденге Украинаны ұдайы қолдап келе жатқаны үшін, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларды күшейткені үшін алғыс білдірді.

Байден вице-президент қызметінде Украинаға осымен алтыншы рет сапарлап отыр. Ол Киевке сапарынан соң Швейцарияның Давос қаласына дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға барады.

XS
SM
MD
LG