Accessibility links

Әмин Елеусінов өзін полицияға тергеуге күштеп апарғанын хабарлады


Әмин Елеусінов, OCC компнаиясы кәсіподақ ұйымының төрағасы. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.
Әмин Елеусінов, OCC компнаиясы кәсіподақ ұйымының төрағасы. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.

Ақтауда Oil Construction Company компаниясының кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусіновті полиция ұстап алып кетті деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Елеусіновтің өзі Азаттыққа телефон соғып, бүгін таңертең полиция өзін үйінен күшпен алып кеткенін хабарлады. Елеусіновтің сөзінше, оны бүгін таңертеңгі сағат 10-ға Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне тергеуге шақырған. Таңертең ол мұнайшылармен кездесіп, одан соң үйіне жуынып-шайыну үшін барғанында полиция үйінен алып кеткен.

Әмин Елеусінов өзінің қазір ІІД ғимаратының кіреберісінде отырғанын, өзін үйінен күштеп алып кеткеніне қарсылық білдіріп, ары қарай тергеуге кірмей отырғанын айтты. ІІД-ден мән-жайды білмек болған Азаттық тілшісін департаментке кіргізбеді. ІІД баспасөз хатшысы Жазира Әбіл Елеусіновтің не үшін ұсталғаны, кім, не үшін тергейтіні туралы сұрақтарға ауызша жауап бере алмайтынын айтып, сауалды жазбаша қоюды сұрады.

Бұдан соң ІІД ғимаратынан шыққан полковник Омар Тасқынбаев Әмин Елеусіновтің департаментте отырғанын көргенін айтты.

Ал Әмин Елеусіновтің заңгері Тахир Ердановтың айтуынша, Елеусіновті кешеден бері тергеуге шақырып жатыр. Ол тергеуге осыдан екі жыл бұрын Елеусіновке қарсы қозғалып, кейін жабылған кәсіподақтағы қаржы жымқыру туралы қылмыстық істің қайта қозғалуы себеп болғанын айтады. Ердановтың сөзінше, кеше осы іске қатысы бар деген бірнеше адамның аяқ астынан жауапқа шақырылған.

Әмин Елеусінов OCC компаниясының ондаған жұмысшысымен бірге республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жабылуына қарсылық білдіріп, екі аптадан бері аштық ұстап жатыр. Кеше Ақтау қалалық №2 соты OCC компаниясының Әмин Елеусінов және аштық жариялаған басқа бірнеше жұмысшысының үстінен берген шағымы бойынша шешім шығарған. Сот жұмысшылардың аштық акциясын "заңсыз" деп тауып, оны тоқтатуды міндеттеген.

XS
SM
MD
LG