Accessibility links

Ақтауда аштық жариялағандардың кейбіріне айыппұл салды


Аштық акциясына қатысқаны үшін сот айыппұл салған мұнайшыларды полиция салып алып кеткен автобус. Ақтау, 21 қаңтар 2017 жыл.
Аштық акциясына қатысқаны үшін сот айыппұл салған мұнайшыларды полиция салып алып кеткен автобус. Ақтау, 21 қаңтар 2017 жыл.

Ақтауда Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен екі аптадан астам уақыт бойы мұнайшылардың жаппай аштық акциясына қатысқан Oil Construction Company (OCC) компаниясының 11 жұмысшысын әкімшілік сот жазаға тартты. Ақтау соты қаңтардың 21-і кешке ОСС жұмысшылары Серік Балжігіт, Тахир Ерданов, Қайрат Ерекешов, Мақсат Жайлаубаев, Құсайын Жылқышиев, Мұханбет Қаржаубаев, Құспан Қосшығұлов, Зейнелғабиден Қойшығұлов, Иманғали Молдаәлиев, Нұрсұлтан Мұхамедиев пен Валерий Пахомовқа 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Сот оларды Қазақстан әкімшілік құқық бұзу кодексінің 488-бабын (заңсыз шеру, митингі, пикет өткізу) бұзғаны үшін айыпты деп таныды.

Сенбі күні сағат 17-ден 21-ге дейін жалғасқан әкімшілік сот отырысына Азаттық тілшісін кіргізбеді. Әкімшілік сот отырысын судья Өмірзақ Садықов жүргізді. Сот аяқталған соң полиция өкілдері сотталған мұнайшыларды автобусқа салып, қайда баратындарын айтпастан белгісіз жаққа алып кетті.

Ақтаудағы ОСС компаниясы территориясындағы тәуелсіз кәсіподақ кеңсесінде қаңтардың 5-інен басталған аштық акциясына кейін Маңғыстау облысындағы Қаламқас және Жетібай кеніштеріндегі жұмысшылар да қосылған. Наразылық акциясына қатысушылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талап қойған. Сенбі күні полиция талабы бойынша наразылық акциясы тоқтатылды. Оның алдында сот үш жерде жүздеген адамның қатысуымен өтіп жатқан жаппай наразылық акцияларын заңсыз деген шешім шығарған болатын. OCC компаниясы кәсіподағы лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақ еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты Ақтауда қаңтардың 20-сы күні полиция ұстаған. Ақтау қаласы прокуроры Елеусінов пен Құшақбаевты Астанаға жеткізіліп, екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлады.

Oil Construction Company компаниясы Қазақстандағы ірі мұнай кәсіпорыны - «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының кеніштеріне қызмет көрсетеді.

XS
SM
MD
LG