Accessibility links

Дүйсенова: 5 пайыздық зейнетақы жарнасы туралы заң кейін енгізілуі мүмкін


Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі.
Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі.

Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын төлеу жүйесін енгізу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін деп хабарлады бүгін Астанада денсулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

2015 жылы тамызда зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға жұмыс берушілерді зейнетақы қорына жұмысшы жалақысының қосымша бес пайызы мөлшерінде жарна салуын міндеттейтін өзгерістер енгізілген. Заң жобасында бұл өзгерістер 2018 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі деп көрсетілген.

Дүйсенованың сөзінше, міндетті зейнетақы жарнасын төлеу жүйесін бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру туралы ұсыныстар бар. "Біз қаржылық жағдайды, қазір ұлттық экономика министрлігімен бірге дайындап жатқан экономикалық даму стратегиясын ескере отырып, бұл ұсынысты бірге қараймыз және хабарлаймыз" деді Дүйсенова.

Қазақстан заңдары бойынша, жұмыс істейтін азаматтар ай сайын жалақысының 10 пайызын Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорына (БЗЖҚ) аударуы тиіс. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, бес пайыздық жарна жұмысшының меншігі деп саналмайды, ол БЗЖҚ активінде болады.

Өткен жылдың соңында құзыретті органдар БЗЖҚ-ның жекеменшік компанияның облигацияларын "өз қаржысына" сатып алғаны фактісі бойынша тексеру бастаған. Ол іс бойынша БЗЖҚ-ның басшысы Руслан Ерденаев, тәуекелді басқару департаментінің директоры Мұса Бахтов пен БЗЖҚ облигациясын иеленген жекеменшік компанияның басшылары ұсталған.

XS
SM
MD
LG