Шымкентте коммуналдық төлемдерге арналған түбіртекте газ көрсеткіші көбейіп жазылғаны тұрғындарды наразы етті.
Газдың ақысын алатын "Омега ХХІ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) Еңбекші ауданындағы бөлімшесінде кезекте тұрған Алмагүл Бекболатова "түбіртекте 100 текше метр газ бағасы артық жазылғанын" айтады. Ал Берік Жүсіпбеков есімді тұрғын "әдетте газдың ақысына айына 1700 теңгедей төлейтінін, бұл жолғы есеп 6 мың теңгеден артық болғанын" мәлімдеді.
Тұрғындарға газ жеткізуге "ҚазТрансГазАймақ" акционерлік қоғамы, оның ақысын жинауға "Омега ХХІ" ЖШС жауапты. Азаттық тілшісі ЖШС бөлімшелеріне барып, әрбірінде 20-30 адам кезекке тұрғанына куә болды. Олардың арасында балалы әйелдер мен зейнеткерлер де бар.
Тұрғындардың түбіртегін түзетіп үлгермей жатқан бөлімше қызметкерлері "техникалық қате кеткенін" айтады.