Accessibility links

Түркіменстан президенті сайлауында берілген дауыс саналып жатыр


Ашғабадтағы сайлау учаскесі. Түркіменстан, 12 ақпан 2017 жыл.
Ашғабадтағы сайлау учаскесі. Түркіменстан, 12 ақпан 2017 жыл.

Түркіменстанда президент сайлауына дауыс беру аяқталып, бюллетендер саналып жатыр. Саяси жүйесі жабық және көмірсутегі шикізатына бай бұл елдегі президент сайлауының қорытындысы бойынша, билік басындағы авторитарлық президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің өкілеттігі тағы жеті жылға ұзартылады деп болжанып отыр.

Түркіменстан қоғамының барлық саласын бақылайтын Гурбангулы Бердімұхамедов өзге сегіз кандидатты оңай жеңіп кетеді деп күтіліп отыр. Ол кандидаттардың сайлауға түсуі елдегі шынайы баламасыз сайлау процесін жасырып-жабу үшін жасалып отыр деп қабылданады. 12 ақпанда Ашғабадта сайлау учаскесінде сөйлеген Бердімұхамедов дауыс беру нәтижесі "елдің алдағы жеті жылдағы тағдырын" шешетінін мәлімдеді.

Бердімұхамедов дауыс беруге отбасы мүшелерімен, оның ішінде өткен жылы парламентке сайланған ұлымен бірге келді. "Президент болып сайлансам біздің халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатымыз жалғаса береді" деді Бердімұхамедов.

Түркіменстан Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс берудің алғашқы алты сағатында сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 97 пайызы дауыс беріп үлгерген. Бірақ Азаттық тілшісі Ашғабадтағы бірқатар сайлау учаскелеріне аз ғана сайлаушылар келгенін байқады. Азаттықтың Түркімен редакциясы 10 ақпанда сайлаудан екі күн бұрын мектеп оқушыларына бюллетендерді кандидат Бердімұхамедовті белгілеп толтыру жүктелгенін хабарлаған.

Сайлауға алғаш рет бірнеше партиядан тоғыз кандидат түсіп отырса да, олардың көпшілігі аса танымал емес аймақтық мемлекет қызметкерлері, депутаттар мен компаниялардың басшылары.

Өткен жылы 59 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов 2017 жылы сайлау баламалы түрде өтетінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG