Accessibility links

Министр: Доллардың арзандауы бағаның төмендеуіне әсер етпейді


Қазақстан валютасы - теңге мен АҚШ доллары (Көрнекі сурет).
Қазақстан валютасы - теңге мен АҚШ доллары (Көрнекі сурет).

Қазақстан ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов доллардың теңгеге шаққандағы бағамының әлсіреуі елдегі тауар бағаларының арзандауына әсер етпейді деп санайды. Бұл туралы министр Астанада журналистерге берген комментариінде айтты. Оның сөзінше, Қазақстандағы бағаны доллар бағамына телу дұрыс емес.

"Біз долларға байланудан арылуымыз керек. Долларсыздану бағаны доллармен көрсетуге тыйым салынған заңнамада ғана жүрмеуі керек. Оған санада да тыйым салу керек. Бағаны, жалақыны, көлік пен пәтер құнын доллармен есептеу қажет емес. Біз АҚШ-та емес, Қазақстанда тұрамыз" деген Сүлейменов.

Соңғы апталарда Қазақстан валютасы теңгенің долларға шаққандағы бағамы көтеріле бастаған. Қаңтарда бір доллар 335 теңге болса, бүгін биржада доллардың орташа бағамы 312 теңге 84 тиынды құрап отыр.

2015 жылы Қазақстан билігі экспортқа сүйенген экономины теңге әлсіреп жатқан тұста долларсыздандыру саясатын жариялаған. Осының аясында тауар, жұмыс пен қызмет бағаларын доллармен көрсетуге тыйым салынып, тұрғындардың теңгеде ашқан депозиттеріне кепілдік беру мөлшері ұлғайтылған және шетел валютасымен ашылған депозиттің сыйақы мөлшерлемесі азайтылған.

XS
SM
MD
LG