Accessibility links

Сағадиев "мамандықтардың жойылғаны" туралы ақпарды жоққа шығарды


Ерлан Сағадиев, білім және ғылым министрі.
Ерлан Сағадиев, білім және ғылым министрі.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бірқатар жоғары оқу орындарында кейбір мамандықтардың жойылғаны туралы ақпаратты терістеді. Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары министрліктің әлдебір бұйрығына сілтеме жасап, жоғары оқу орындарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларынан "қазақ тілі", "қазақ әдебиеті", "Қазақстан тарихы", "әдебиеттану", "лингвистика", "шығыстану", "түркология" мамандықтарын алып тастау жоспарланып жатқанын хабарлаған.

Сағадиев Астанада журналистерге ондай бұйрық туралы естімегенін айтып, ол туралы жаңалықты "орынсыз" деп атады. Ол алаңдамауға және "арандатуға" ұрынып қалмауға шақырды. Мамандықтардың жойылу мүмкіндігі туралы айтқан Сағадиев "Бұлай болуы мүмкін емес. Болмайды да" деді.

Жергілікті ақпараттық сайттар бір топ академиктің премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жазылған үндеуін жариялады. Онда үндеу авторлары министрліктің 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енді деген құжатында жоғарыда аталған мамандықтардың жоқтығына алаңдаған.

Агенттіктердің ақпаратына қарағанда, мәселе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының жаңа классификациясы туралы болуы мүмкін. Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департамантінде Азаттыққа қазір 2009 жылы жасалған классификатор қолданылатынын, бірақ кейін оған өзгеріс енгізілгенін ғана айтты.

XS
SM
MD
LG