Accessibility links

Дәрігерлер: ОҚО-да далаға тастаған жаңа туған сәбидің жағдайы қалыпты


Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылындағы мектептің бірінің ауласында 4- наурыз күні тастап кеткен жаңа туған баланың жағдайы қалыпты деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Асылбек Досалы.

Асылбек Досалының айтуынша, тастанды бала - қыз, салмағы – 3 килограмм 88грамм, бойы – 52 сантиметр.

- Жаңадан туған баланы сөмкеге салып тастап кеткен. Бала табылған кезде дене температурасы 30 градус болған. Жедел жәрдем қызметі оны Сайрамдағы Ақсукент аудандық ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер қазіргі жағдайын қалыпты деп бағалап отыр, - дейді ол.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың Азаттыққа айтуынша, бұл жағдай бойынша қылмыстық кодекстің 119-бабы ("қауіпті жағдайда қалдыру") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

25-ақпан күні Шымкенттегі жекеменшік клиниканың алдында да таңсәріде жаңа туған баланы тастап кеткен болатын. Дәрігерлер қазір оның жағдайы қалыпты екенін айтады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG