Accessibility links

АҚШ Минскідегі оппозиция шеруіне шыққандарды жаппай ұстауды айыптады


Милиция жасағы оппозиция шеруі кезінде. Минск, 25 наурыз 2017 жыл.
Милиция жасағы оппозиция шеруі кезінде. Минск, 25 наурыз 2017 жыл.

АҚШ Беларусьте «Ерік күніне» орайластырылған наразылық акциясына шыққандарды милицияның жаппай ұстауын айыптайды. Бұл туралы Минскідегі АҚШ елшілігі сайтында жарияланған мәлімдемеде Беларусь құқық органдарының іс-әрекеті демократиялық құндылықтарға қайшы екені айтылған. Америкалық елшілік жағдайды бақылауда ұстайтындарын айтып, Минскіні сенбіде ұсталған демонстранттарды босатуға шақырған.

Оппозиция белсенділері Беларусь халық республикасы құрылғанына 99 жыл толуына орайластырып наурыздың 25-і - «Ерік күні» өткізуді ұйғарған шеруге шыққан жүздеген адамды милицияның арнайы жасағы ұстап әкеткен. Ұсталғандар арасында 20-дан аса журналист бар. «Вясна» құқық қорғау тобының кеңсесіне тінту жүргізіп, ол жерден 57 адамды ұстаған.

Биыл бүкіл ел көлемінде өткізілген акцияларда наразылар билікке жұмыссыз азаматтар үшін енгізілген «арамтамақ салығын» жою туралы талап қойған. Беларусьте жұмыссыз азаматтарды мемлекетке жыл сайын 200 еуроға жуық салық төлеуге міндеттейтін «арамтамақтық» туралы заңға қарсылық шерулері ақпан айынан бері жалғасып келеді. Содан бері жүзден астам адам ұсталған. Наразылар биліктен аталған салық түрін толық жоюды талап етеді.

XS
SM
MD
LG