Accessibility links

Қарағанды облысында еріген қар суын бақылау үшін дрон қолданыла бастады


Қарағанды облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Қарағанды облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Қарағанды облысында еріген қар суы мен су қоймалары және бөгендердегі су деңгейін бақылау үшін дрондар да қолданыла бастады. Аймақта су тасуына байланысты ескерту жасалды деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қызметкерлеріне күн сайын "барлық бөгеттер мен қауіп тудыруы мүмкін жерлерді" тексеріп тұруды тапсырды.

Облыстағы барлық өзендерде еріген қар суынан көтерілген су деңгейі нормадан асып тұр. Ресми мәлімет бойынша, қазір Абай, Қарқаралы, Бұқар жырау, Нұра, Шет және Осакаровка аудандарында су басу қаупі жоғары. Жергілікті билікке қолдағы малды қауіпті жерлерден дер кезінде эвакуациялау қажеті ескертілді. Су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру тапсырылған.

Бұқар жырау ауданы 2014-2015 жылдардағы су тасқындарында қатты зардап шеккен. Ол кезде бірнеше елді мекенді су басып, бірнеше адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Жүздеген үй бүлініп, мал қырылған. 2015 жылғы су тасқынынан зардап шеккен бірнеше отбасы әлі күнге дейін баспанасыз. 2014 жылы қатты су тасқыны болған Көкпекті ауылында ондаған адам әлі күнге дейін материалдық шығын өндіріп ала алмай, соттасып жүр.

XS
SM
MD
LG