Accessibility links

Ақтөбедегі полиция басшыларының ісінде "қылмыс құрамы жоқ" деп тапты


Ақтөбе облысының прокуратурасы (Көрнекі срует).
Ақтөбе облысының прокуратурасы (Көрнекі срует).

Қазақстан бас прокуратурасы Ақтөбеде өткен жылдың маусымында болған қарулы шабуылға қатысты "қызметте әрекетсіздік танытты" деп айыпталған жергілікті полиция басшысы Мақсат Шляшев пен оның орынбасары Ермек Шоқановтың ісінде қылмыс құрамы жоқ деп тапқан. Бұл туралы Азаттыққа Шляшевтің адвокаты Күләш Манько хабарлады.

- Тергеу оқиға куәгерлері түсірген фото мен видеоларды мұқият саралай келе жергілікті полиция басшыларының жарғыға сәйкес әрекет еткендеріне көз жеткізді, - дейді адвокат.

Жұбайына тағылған айыптың алынып тасталғанын Азаттыққа Мақсат Шляшевтің әйелі Сандуғаш Шляшева да растады.

Шляшев пен Шоқановты бас прокуратураның тергеу тобы өткен жылдың қазан айында айыптап, үстерінен қылмыстық іс қозғаған еді. Туыстарының айтуына қарағанда, бас прокуратура істі облыстық прокуратураға тапсырған. Ал облыстық прокуратура "істе қылмыстық құрам жоқ" деп, жапқан. Кейін бас прокуратураның Шляшев пен Шоқановқа қарсы істі қайта қозғағаны хабарланып, жергілікті полиция басшыларын облыстық прокуратураға тергеуге шақырған.

Бас прокуратураның алғашқы, яғни 2016 жылғы қазанның 11-інде қабылдаған қылмыстық іс қаулысында бесінші маусым күні жергілікті полиция басшылары "Паллада" қару сататын дүкеніне қаруланған полиция қызметкерлерін жіберіп, одан кейінгі қылмыстардың алдын алу үшін әрекет етпегені айтылады. Прокуратура олар "Паллададағы" шабуылдан соң ұлттық гвардияның 6655 әскери бөліміне кеткен "қарулы топтың жолын кесіп, оларды ұстауға нұсқау бермеген" дейді. Яғни, "кәсіби міндеттеріне немқұрайлы қараған".

Мақсат Шляшевтың адвокаты Күләш Маньконың айтуынша, прокуратура Шляшев пен Шоқанов шабуыл кезінде "террористерді атып тастауға тиіс болған" деген. Бірақ адвокат пен туыстары шабуыл болған күні Шляшев пен Шоқановта "қару болмағанын", олардың "өздеріне тиісті жарғыға сай әрекет еткенін" айтады.

2016 жылы маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған. Бұл шабуылға қатысты 30-ға тарта адам сотталды.

XS
SM
MD
LG