Accessibility links

Нұрбек Құшақбаев 2,5 жылға сотталды


Нұрбек Құшақбаев сот залында. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаев сот залында. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.

Астанада бүгін Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевқа қатысты сот үкімі шықты.

Алматы аудандық №2 сотының судьясы Айжан Күлбаева Құшақбаевты қылмыстық кодекстің 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыпты деп тауып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, 2 жыл мерзімге дейін қоғамдық қызмет атқару құқығынан айыруға, жәбірленуші тарап Techno Trading компаниясы талап еткен 25 миллион 200 мың теңгеге жуық "материалдық шығынды" өндіріп беруге үкім кесті. Сонымен қатар Құшақбаевтан сот және сот-сараптамалық шығындар үшін 54 мың 477 теңге өндіріліп алынбақ.

Сот үкімі бойынша Құшақбаев жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтемек, жаза мерзімі оның қамауға алынған 2017 жылдың 20 қаңтарынан бастап есептеледі.

Құшақбаевтың адвокаты Төлеген Шаиков Азаттық тілшісіне үкімнің толық мәтінін қолына алған соң жете танысып, қарсылығымды білдіріп шағымданатынын айтты. Тағы бір адвокаты Гүлнәр Жуаспаева сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым беретіндерін айтты білдірді.

- Біз үшін күтпеген үкім болды. Себебі сот әділ шешім шығарады деп сенгенбіз. Біріншіден, істе қылмыстық құрам жоқ. Екіншіден, 402-баптың ең басты критериі - пікірін жария түрде білдіру. Әңгіменің барлығы кабинетте айтылған болса, онда ол қалай пікірін көпшілікке жария түрде білдіру болып саналады. 402-баптың 2-тармағы бойынша жазалаудың төрт түрі қарастырылған: айыппұл салу, бас бостандығын шектеу, еңбекпен түзеу жұмыстарына салу және ең соңында ғана бас бостандығынан айыру. Сотталушы бірінші рет істі болып отырса және мінездемесі жақсы адам болса бірден бас бостандығынан айыру жазасы кесілмеуі тиіс. Әрине, бұл үкімге апелляциялық шағым түсіреміз- деді Жуаспаева.

XS
SM
MD
LG