Accessibility links

Ресейде Путин билігіне қарсы "Надоел" акциясы өтіп жатыр


"Надоел" акциясына қатысушы белсенділер. Новосибирск, Ресей, 29 сәуір 2017 жыл.
"Надоел" акциясына қатысушы белсенділер. Новосибирск, Ресей, 29 сәуір 2017 жыл.

Ресейде бүгін "Открытая Россия" қозғалысы белсенділерінің ұйымдастыруымен "Надоел" ("Мезі еттің") деп аталатын акция өтіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Акцияға қатысушылар президент Владимир Путинге 2018 жылы өтуі тиіс президент сайлауына түспеуін сұрап өтініш тапсырмақ.

Акцияға қатысушылар жиналып жатқан Мәскеудегі Ресей президенті әкімшілігі кеңсесі алдында полиция қызметкерлері мен көліктері тұр деп хабарлайды сол жерден тікелей трансляция жүргізіп жатқан Азаттықтың Орыс қызметі.

Ресейдің оншақты қаласында жергілікті билік бұл акцияны өткізуге рұқсат еткен. Бірақ көптеген қалаларда, соның ішінде Ресей астанасы Мәскеуде билік орындары акция өткізуге келісім бермеген.

Бүгін Новосибирск пен Томск қалаларында "Надоел" акциясы өткен. Кемерово қаласында полиция "Надоел" акциясына шыққан жиырмаға жуық белсендіні ұстаған. Ижевск, Таулы Алтай және Новокузнецк қалаларында шараны ұйымдастырушылар ұсталған.

Сәрсенбі күні Ресей билігі ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковскийдің бастамасымен құрылған, Ұлыбританияда тіркелген "Открытая Россия" үкіметтік емес ұйымын "ұнамсыз ұйым" деп атап, "қара тізімге" қосқан. Сәуірдің 27-і күні осы ұйыммен аттас Ресейдегі "Открытая Россия" қозғалысының Мәскеудегі кеңсесіне тінту жүргізілген.

Бұған дейін Мәскеу полициясы азаматтарды "Надоел" акциясына қатыспауға шақырған.

XS
SM
MD
LG