Accessibility links

Ақтөбедегі әскерден қашқан сарбаз табылды


Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімнің алды. 18 шілде 2016 жыл.
Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімнің алды. 18 шілде 2016 жыл.

Ұлттық гвардияның Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінен қашып шыққан жауынгер өз туған қаласы Қандыағаштан табылды деп хабарлады осы әскери бөлім командирінің орынбасары Денис Ча.

"Мамырдың 1-і күні әскери бөлімнен қашып шыққан сарбаз таксиге мініп, Ақтөбенің автовокзалына жеткен. Автовокзал маңынан танысын кездестіріп, соның көлігімен Қандыағаш қаласына барған. Біз оны Қандыағашта ұстап, әскери бөлімге қайтардық" дейді Денис Ча.

Ұлттық гвардияның Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінде қазір қызметтік тексеру жүріп жатыр. 20 жастағы жауынгердің әскерден қашу себебі анықталса, соған сәйкес шара қолданылады.

"Жауынгер төрт сағаттан соң ұсталды. Әдетте мұндай жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Егер ол 2-10 тәулік аралығында табылмағанда 652-баптың 3-бөлімімен әкімшілік жауапқа тартылған болар еді" дейді Ақтөбе гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Мейіржан Касимжанов.

Прокурор әскери бөлімді тастап кеткен жауынгермен кездескенін хабарлады. Жауынгер әскери бөлімде өзіне ешқандай қысым жасалмағанын айтқан.

2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, кейін ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша жеті адам (оның үшеуі - әскери адам) қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде «діни радикал», «қарулы шабуылшы» деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 29 адам ұсталған. Қарашаның 29-ы күні Ақтөбе облыстық соты шабуылға қатысты 29 адамды түрлі мерзімге соттаған.

XS
SM
MD
LG