Accessibility links

Алматы - Мәскеу бағытындағы жолаушылар пойызының маршруты қысқартылмақ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Жолаушылар тасымалы" ұлттық компаниясы Алматы - Мәскеу бағытында қатынайтын №78 пойыздың маршруты Саратов станциясына дейін қысқарғанын хабарлады. Маршрут "тікелей халықаралық теміржол қатынасында жолаушылар тасымалдау көлемінің азаюына байланысты" қысқарған.

Компанияның ақпаратына қарағанда, 2013 жылдан бастап Алматы - Мәскеу бағытында жолаушылар айналымының көлемі екі есеге жуық азайған. "Жолаушылардың мүдделерін ескере отырып, "Ресей теміржолдары" компаниясымен бірлесіп пойызды тоқтатудың орнына маршрутын Саратов станциясына дейін қысқартуға шешім қабылданды" делінген компанияның баспасөз қызметінің хабарламасында. Енді жолаушылар Мәскеуге бару үшін Саратовтан ары қарай №17 және 18 бағыттағы пойызға отыруы керек.

"Жолаушылар тасымалы" босаған 20 вагонды "республика аумағындағы басқа қажетті бағыттарға жіберуді" жоспарлап отырғанын айтады. Компания Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін кезде республикада жолаушылар тасымалы 1,1 миллион адамға артады деген болжам барын айтады. Осыған байланысты 1 маусымнан бастап жолға қосымша 14 пойыз шығару жоспарланып отыр.

XS
SM
MD
LG