Қамаудағы журналист, белсенді Жанболат Мамайды қоғамдық қорғау комитеті осы комитеттің мүшесі, "Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық қорының төрағасы Рамазан Есіргеповке шабуыл жасалғанына байланысты "қатты алаңдайтынын" мәлімдеді.
Комитет мүшелері 16 мамырда таратқан мәлімдемесінде Есіргепов "БТА Банктен" ұрланған ақшаны газет арқылы заңдастырмақ болған" деген айып бойынша қазір Алматының тергеу абақтысында отырған оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың ісі туралы Еуропа Одағына мүше кей елдердің елшілері мен халықаралық сарапшыларға жолығу үшін Астанаға кетіп бара жатқанда зардап шеккенін айтады. Ол сонымен бірге кезінде сотты болған өзін ақтауға қатысты БҰҰ адам құқығы комитеті негізді деп таныған, бірақ Қазақстан соты қанағаттандырудан бас тартқан шағымы жөнінде де сөйлеспек болған.
Комитет өкілдері тергеушілердің "Есіргепов Алматыдағы теміржол вокзалында әлдебіреумен кикілжіңге келіп, соңы әлгідей шабуылға соқтырған деген сыңайдағы болжамын таңғысы келетіні түсінбестік пен алаңдаушылық тудыратынын" айтады. Есіргепов пен оны Алматы-1 вокзалына шығарып салған ұлы Тоқнұрдың сөзінше, вокзалда ол ешкіммен сөзге келмеген.
"Рамазан Есіргеповке кездесу қарсаңында ғана емес, жолда кетіп бара жатқанда күш көрсетіп шабуыл жасауы әлдекім ол кездесуді үзіп, Есіргеповті қорқытуды мақсат еткен деп жорамалдауға негіз болады" делінген мәлімдемеде. Мамайды қорғау комитетінің мүшелері Қазақстан билігін шабуылды тыңғылықты тексеріп, қылмыскерді тауып жазалауға шақырады.
Жанболат Мамайды қорғау комитетінің құрамында оннан астам қоғамдық белсенді, оның ішінде заңгер Евгений Жовтис, құқық қорғаушы Розлана Таукина, журналистер Рысбек Сәрсенбай, Гүлжан Ерғалиева бар.
Рамазан Есіргеповке шабуыл жасалғаны туралы видеосюжет