Пәкістанның Белуджистан провинциясында қарулы адамдар қытайлық ерлі-зайыптыларды ұрлап әкетті. Полицияның хабарлауынша, оқиға 24 мамыр күні провинция астанасы Кветте қаласында болған. Жергілікті билік өкілдері қылмыскерлердің полиция кейпінде келіп, қытайлық екі азаматты ұрлағанын, кісі ұрлауға кедергі келтірмек болған көшеде кетіп бара жатқандарды жаралағанын айтады.
Шетелдіктердің Кветтаға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Кейбір ақпар бойынша, олар қытай тілін оқытып жүрген, өзге бір ақпарға қарағанда, урду тілін үйреніп жүрген. Кісі ұрланғанын қытайлық БАҚ та растады. Шетелдіктерді ұрлау жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алған жоқ.
Табиғи ресурстарға бай Белуджистан тұрғындары 2004 жылдан бері исламшылдар мен сепаратистердің әрекетінен зардап шегіп келеді. Осы уақыт аралығында мыңдаған адам зорлық-зомбылық құрбаны болды.