Accessibility links

Шетел басшылары Лондондағы шабуылдарды айыптады


Шабуыл болған жерден кетіп бара жатқан адамдар. Лондон, Ұлыбритания, 3 маусым 2017 жыл.
Шабуыл болған жерден кетіп бара жатқан адамдар. Лондон, Ұлыбритания, 3 маусым 2017 жыл.

Әлем елдерінің жетекшілері Лондонда өткен түнде болған шабуылдарды айыптап, бейбіт адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Ұлыбритания халқы мен үкіметіне көңіл айтты. Лондондағы терактілер салдарынан, ресми ақпарат бойынша, алты адам қаза тауып, елуге жуық адам зардап шеккен.

АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "АҚШ Лондон мен Ұлыбританияға көмектесу үшін барлық мүмкіндікті жасайды, біз сіздермен біргеміз" деп жазған. АҚШ мемлекеттік департаменті ресми мәлімдемесінде "Лондондағы бейкүнә адамдарды нысанаға алған қорқақтар шабуылдарын айыптаған". Вашингтон Лондон билігінің өтініші бойынша кез-келген жәрдем көрсетуге әзір екенін мәлімдеген.

Германия канцлері Ангела Меркель "британдық достар және Лондондағы барлық адамдарға көңіл айтып, олардың қайғысын бөлісетінін" мәлімдеген. "Бүгін бізді қайғы ғана емес батылдық та біріктіреді. Терроршылдықтың кез-келген түріне қарсы біз Ұлыбритания жағында нық әрі бекем бірге күресетінімізді Германия атынан мәлімдеймін" деген Меркель.

Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдемесінде "қайғыға жолыққан Біріккен корольдікке Франция қолдау білдіретінін" айтқан.

Еурокомиссия жетекшісі Жан-Клод Юнкер құрбан болғандардың қайғысын бөлісетіні туралы мәлімдеген. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Менің ой-санам бүгін Лондон көпіріндегі қатыгез шабуылдарға кезіккендердің барлығымен бірге. Біз Лондон тұрғындарымен біргеміз" деп жазған.

Маусымның 4-іне қараған түні Лондон орталығында белгісіз қылмыскерлер әуелі жүк көлігімен көшедегі жаяу адамдарды басып өтіп, кейін пышақпен шабуылдаған. Полиция шабуылдарға күдікті үш адамды атып өлтірген.

XS
SM
MD
LG