Accessibility links

Полиция Лондондағы теракт жайлы тың деректерді айтты


Лондон көпірінде тұрған полиция қызметкерлері. 3 маусым 2017 жыл.
Лондон көпірінде тұрған полиция қызметкерлері. 3 маусым 2017 жыл.

Лондонда маусымның 3-і күні көпір үстіндегі жаяу адамдарды басып, кейін пышақпен шабуылдағандар содан бірнеше сағат бұрын салмағы 7,5 тонна жүк көлігін жалға алмақшы болған. Полиция мәліметі бойынша, қылмыскерлер бұған дейін Ниццада 86 адамның өмірін қиған шабуылға бара-бар теракт жасамақшы болған. Олардың бірінің төлемі өтпей қалған соң, жүк көлігін жалдаудың реті келмей, ақырында шағын автобус жалдаған.

Скотланд-Ярд маусымның 3-і күні Лондон көпірінде адамдарды таптап өткен шағын автобустан жанатын сұйық зат құйылған 13 бөтелке табылғанын хабарлады. Полиция қылмыскерлер осы заттарды қолданып неғұрлым көп адамды өлтіруді көздеген деп санайды.

Полицияның мәліметі бойынша, қылмыс жасауға қатысқан үшеу шабуыл жасайтын жерді анықтап бірнеше сағат жүрген, адамдарды таптап өткенге дейін олар көпір үстінен көлікпен екі рет өткен. Көпірдегі жаяуларды көлікпен таптағаннан кейін сабы тері қиындыларымен қапталған, ұзындығы 30 сантиметрлік пышақтармен көшедегі адамдарға шабуылдаған үшеуін – 27 жастағы Курам Батт, 30 жастағы Рашид Редуэйн және 22 жастағы Юсеф Загбаны полиция атып өлтірген.

Маусымның 3-і күнгі Лондондағы теракт салдарынан жеті адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жараланған. Бұл шабуылға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы мойнына алған.

Сенбі күні британ полициясы терроризмге қатысты күдікпен тағы екі адамды ұстаған. Лондон көпіріндегі шабуылға байланысты барлығы жеті адам қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG