Accessibility links

Катар билігі АҚШ экс-прокурорының заң фирмасын жалдады


Катардың астанасы Доха қаласы.
Катардың астанасы Доха қаласы.

Катар үкіметі өзін «терроризмді қолдайды» деген айыптан қорғау үшін АҚШ-тың бұрынғы бас прокуроры Джон Эшкрофтың заң фирмасын жалдаған.

Джон Эшкрофт 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы болған кезде АҚШ әділет министрі һәм бас прокуроры қызметінде болған. Катар билігі халықаралық терроризммен күреске қатысқанын, сонымен бірге терроризмді қаржыландыру арналарының жолын қию және күмәнді ақшаны заңдастыруға қарсы күрес жөніндегі халықаралық банк ережелері талаптарының барлығын орындағанына дәлел-айғақтарды 90 күннің ішінде жинастырғаны үшін Эшкрофтың фирмасына екі жарым миллион доллар төлеуге келісіп отыр.

Катарды «исламшыл терроршылар мен Иранды қолдады» деп айыптаған Біріккен Араб әмірліктері (БАӘ), Сауд Арабиясы, Бахрейн және Египет маусымның 5-інен бастап Дохамен дипломатиялық байланыстарын үзіп, Катарға қарсы көлік блокадасын жариялаған. Одан кейін БАӘ «Катардың терроршыларды қаржылай қолдауына қатысы бар» деп санайтын 59 жеке тұлға мен 12 ұйымның есеп-шоттарын бұғаттап тастаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Катарға қарсы біріккен араб мемлекеттерін блокаданы "бәсеңдетіп", жанжалды дипломатиялық жолмен реттеуге шақырған. Алайда, сонымен бірге, АҚШ президенті Дональд Трамп Катардың «жоғары деңгейдегі билік иелерінің» терроризмді қаржыландыруға қатысы туралы айғақтар барын мәлімдеген.

Доха өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарады.

Оған қолдау білдірген Түркия президенті Режеп Ердоған араб елдерін Катарға қарсы блокаданы жоюға шақырған.

XS
SM
MD
LG