Accessibility links

Қырғыз экс-президенті оппозиционерлердің сотына куәгер болып қатысады


Қырғызстан экс-президенті Роза Отунбаева (сол жақта) мен қамауда отырған оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаев. Бішкек, 22 маусым 2017 жыл.
Қырғызстан экс-президенті Роза Отунбаева (сол жақта) мен қамауда отырған оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаев. Бішкек, 22 маусым 2017 жыл.

Қырғыз оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен Оңтүстік Кореядағы Қырғызстанның бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотоновтың ісі бойынша Бішкекте өтіп жатқан сотқа бүгін Қырғызстанның экс-президенті Роза Отунбаева келді.

Экс-президент Роза Отунбаева Текебаевтың ісі бойынша сотқа куәгер ретінде қатысады. Ол соттан істі әділетті қарауды талап етті.

- Құрметті сот, осында мен де президент болғанмын. Екі президентіміз қашып жүр. Неге мен сөйлеуге құқылы емеспін? Адвокат 12-13 мамыр туралы менен де сұраған. Менің сізге құрмет таныта отырып өтініш айтқым келеді. Сот объективті болуы тиіс. Бірақ бұл сот әділетті емес. Және бұл күндер де өтер. Екі тарапты да тыңдап, әділетті шешім шығарыңыз, - деген Отунбаева.

Сот айыпталушы тараптың адвокаттарының 40-тан аса куәгерді тыңдауды сұраған өтініштерін қанағаттандырды. Куәгерлердің арасында Қырғызстан экс-президенті Роза Отунбаеваның да есімі бар. Сонымен бірге адвокаттар ұсынған куәгерлер тізімінде Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев та аталған. Бірақ оны сотқа шақырту туралы мәселе әлі қаралған жоқ.

Омурбек Текебаевқа "Мегаком" компаниясы ісі бойынша "пара алған" деген айып тағылған.Ол ақпанның 26-сынан бері Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бішкектегі тергеу абақтысында қамауда отыр. Онымен қоса оппозициялық саясаткер Дуйшенкул Чотонов та тұқындалған. Сот тыңдауы маусымның 5-і күні Бішкектің Бірінші май аудандық сотында басталған. Екі саясаткер де өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, билік оларды "саяси астар" бойынша қудалап жатқанын айтады.

XS
SM
MD
LG