Accessibility links

Рамазан Есіргепов Макс Боқаевты қолдап аштық жариялады


Рамазан Есіргепов, белсенді, журналист.
Рамазан Есіргепов, белсенді, журналист.

Бүгін, маусымның 23-іне журналист Рамазан Есіркепов абақтыда жатқан белсенді Макс Боқаевты қолдап, маусымның 22-сінен бастап аштық жариялағанын хабарлады.

Есіргеповтің Азаттыққа айтуынша, ол Макс Боқаевтың түрмеде аштық жариялап жатқанына 13 күн болғанын кеше, маусымның 22-сі күні білген. Ол Макс Боқаевтың түрлі дертке шалдыққанын, соған қарамастан абақтыда отырып сот шешіміне наразылық білдіргеніне бейжай қарай алмайтынын айтады. "Макс Боқаевтың талабы заңды" деп санайтын ол аштық ұстау арқылы мемлекеттік органдар назарын аударып, сот әділдігіне қол жеткізуге болады деп үміттенеді.

Рамазан Есіргепов қазір тек қана су ішіп отырғанын, "Макс Боқаевты қолдау аштық акциясын басқа да азаматтық белсенділер эстафета түрінде жалғастыру үшін алдағы жексенбіде бір топ белсенділер бас қосып, кеңесетінін" айтады.

Тәуелсіз "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов биыл мамыр айында белгісіз адам қолынан жарақаттанып, Жамбыл облысының Шу кентіндегі ауруханаға жатқызылған. Ол бұл оқиғаны "абақтыда отырған Жанболат Мамайды қорғаудағы белсенділігі мен өзінің шағымы бойынша шетелдік елшілермен кездескісі келгені үшін" жасалған қастандық деп сипаттаған.

Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталған еді. Есіргепов өзіне тағылған айыпты мойындамай, кәсіби қызметімен ғана айналысқанын, өзін "саяси мақсатпен ғана" соттап жатқанын айтқан. Есіргеповтің Қазақстанның жоғары сот инстанцияларына жазған шағымдары қанағаттандырылмаған. Бұдан соң Есіргепов БҰҰ-ның Адам құқықтарыы жөніндегі комитетіне шағымданып, комитет оған қатысты оң шешім шығарған.

Солтүстік Қазақстан облысы орталығы Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 колониясында жазасын өтеп жатқан, Атыраудағы "жер шеруіне" қатысқаны үшін сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев маусымның 9-ынан бері аштық жариялап жатыр. Бұл туралы Азаттыққа тұтқынның қорғаушысы әрі туысы Жанар Боқаева хабарлаған. Тұтқын өзін Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеге ауыстырған ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің шешімі "заңсыз" деп біледі. Боқаев өзін тұрғылықты жері – Атырау облысындағы түзеу колониясына ауыстырудан бас тартқан билікке наразылық ретінде аштық жариялаған.

Бұған дейін Макс Боқаев өзін Атыраудан Петропавл түрмесіне ауыстырған ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің үстінен сотқа шағымданған. Бірақ Астананың Алматы аудандық соты "Боқаевты Атырауға ауыстыруға негіз жоқ" деген уәжбен тұтқынның шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан билігін Макс Боқаев пен Талғат Аянды түрмеден босатуға шақырған. Amnesty International халықаралық ұйымы Макс Боқаев пен Талғат Аянды "ар-ождан тұтқындары" деп атады. Human Rights Watch халықаралық ұйымы белсенділер тұтқындалған бетте Қазақстан билігін оларды шұғыл бостатуға шақырды. HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон "Бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан бірде-бір белсенді түрмеге қамалмауы керек. Олар босатылуы тиіс, билік үкіметті сынаған адамдарды қудалауын тоқтасын" дәп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG