Accessibility links

Англияның Ньюкаслында көшедегі адамдарды көлік қаққан


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Англияның солтүстік-шығысындағы Ньюкасл-апон-Тайн қаласында көшеде көп жұрт жиналған жерде автомобиль қаққан алты адам ауруханаға түскен деп хабарлады британдық Sky news телеарнасы Нортумберленд графтығының жедел жәрдем қызметіне сілтеме жасап. Зардап шеккендердің үшеуі - балалар.

Телеарнаның хабарлауынша, автомобиль мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы аяқталғаннан кейін Ораза айт мейрамын тойлауға жиналғандарды барып қаққан.

"Көлікті жүргізуші 42 жастағы әйел ұсталған, полиция оқиғаның терактіге қатысы жоғын айтады", - деп хабарлады ВВС.

Бұған дейін полицияның Twitter әлеуметтік желісінде жариялаған ақпаратында оқиғадан бес адамның зардап шеккені туралы айтылған еді.

19 маусымға қараған түні Лондондағы мешіт қасында фургон жаяу жүргіншілерді қағып, бір адам өліп, 10 адам жараланған. Оқиға орнынан қашып кетпек болған күдіктіні жергілікті тұрғындар ұстап, полицияға тапсырған. Билік оқиғаны теракт деп атаған. 3 маусымда Лондон көпірінде қатты жылдамдықпен келген фургон жаяу адамдарды басып өткен. Көліктен түскен үш адам көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдаған. Полиция ол үшеуін оқиға орнында атып өлтірген. Терактіден жеті адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы мойнына алған.

XS
SM
MD
LG