Accessibility links

Астанадағы Сирия келіссөзі нәтижесі "мардымсыз" болғаны хабарланды


Сирия жөніндегі келіссөздер өтіп жатқан зал. Астана, 5 шілде 2017 жыл.

Reuters агенттігі 6 шілде күні Астанада өтіп жатқан Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздерде Ресей, Түркия және Иранның төрт деэскалация аймақтарын құрудың детальдары бойынша келісе алмағанын хабарлады. Агенттік Астана келіссөздерінің екі күн жалғасқанын да атап өткен.

Келіссөздердегі Сирия үкіметінің өкілі Башар Әлжафари нақты келісімдерге қол қойылмауының себебін Түркия делегациясының позициясынан көретінін айтқан.

- Түркия саясатының жағымсыз жақтары Астана келіссөздерінің (5-раунд) нәтижесін мардымсыз етіп отыр. Түркия делегациясы деэскалация аймақтарында қолдануға болатын тетіктер жазылған қандай да бір құжат қабылдауға келіспей отырғанын айтқым келеді, - дейді Әлжафари.

Алайда Ресей президентінің келіссөздердегі өкілі Александр Лаврентьев "Ресейдің ешқандай құжатқа қол қоймағанына қарамастан, Сириядағы бітімге кепілдік беруші үш мемлекет (Ресей, Түркия және Иранды айтады - ред.) деэскалация аймақтарының екеуі бойынша белгілі бір келісімдерге келді" деп мәлімдеді.

- Біз [келіссөздерден] белгілі бір нәтиже бар деп санаймыз. Бейбітшілікке қарай жасалған үлкен болсын, кіші болсын - кез келген қадамды жетістік деп есептейміз. Өйткені, ондай қадамдар біздің ілгері жылжып келе жатқанымызды білдіреді, - деді Лаврентьев.

Астанадағы Сирия бойынша өтіп жатқан бейбіт келіссөздерге сол елдегі көтерілісшілер өкілдері де, БҰҰ өкілдері де, АҚШ пен Иордания бақылаушылары да қатысты. Келіссөзге қатысушылар тамыздың соңына белгіленген келесі раундты да Астанада өткізуге келісті.

Сириядағы жанжалда Иран мен Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды. Ал Түркия кейбір қарулы көтерілісшілерді жақтайды.

Сириядағы азаматтық соғыс кесірінен 2011 жылдан бері 400 мыңдай адам қаза тауып, ел халқының жартысына жуығы үйлерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. АҚШ жанжалды бейбіт реттеу келісімі көбінесе БҰҰ аясында Женевада өткенін қолдайды. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ақ үй Астанадағы келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс елдері бойынша көмекшісі Стюарт Джонсты бақылаушы ретінде жіберген болатын.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG