Accessibility links

Ресей Пхеньянды айыптайтын қарар жобасына қарсы шықты


Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға құрлықаралық баллистикалық зымыранды таныстырып жатыр. Солтүстік Кореяның орталық мемлекеттік телеграф агенттігі 5 шілде 2017 жылы таратқан сурет.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға құрлықаралық баллистикалық зымыранды таныстырып жатыр. Солтүстік Кореяның орталық мемлекеттік телеграф агенттігі 5 шілде 2017 жылы таратқан сурет.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бейсенбі күні ресейлік делегация Солтүстік Кореяны құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынағаны үшін айыптауға қарсылық білдірді. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Пхеньян сейсенбіде сынақтан өткізген зымыранды АҚШ әзірлеген қарар жобасында айтылған құрлықаралық зымыран емес, орта қашықтыққа ұшатын зымыран деп санайтын Ресей жобаға өзгеріс енгізуді ұсынады. Орыстар мен америкалықтар бұл мәселеде мәмілеге келу үшін келіссөзді жалғастыра ма, жоқ па – ол жағы әзірше белгісіз.

Қытай Солтүстік Корея зымыранының техникалық сипаттамасы туралы сарапшыларының қортындысын әзірше жариялаған жоқ. Пхеньян өзінің сынақтан өткізгені - құрлықаралық зымыран екенін айтып отыр. АҚШ Солтүстік Кореяның Аляска мен Гавай аралдарына дейін жетіп, ядролық соққы бере алатын зымыранға ие болғаны туралы ақпарат шындыққа сай келеді деген пікірде.

БҰҰ-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли егер Ресейге Солтүстік Корея сынағының өлшемдері туралы техникалық барлау деректері қажет болса, «оларды ұсына» алатыны туралы мәлімдеген.

Ресейдің келісімінсіз Солтүстік Кореяға жаңадан қосымша шектеулер енгізуді қарастыратын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарын қабылдау мүмкін емес. Хейлидің сөзінше, қарар жобасы Солтүстік Кореяға валюта аударуға және оның қарулы күштері мен әскери кәсіпорындары қажетіне отын сатуға шектеулер енгізуді көздейді.

XS
SM
MD
LG