Accessibility links

Шымкентте Лариса Харьковаға қарсы сот басталды


Лариса Харькова, Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының бұрынғы төрағасы.
Лариса Харькова, Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының бұрынғы төрағасы.

Шымкенттің Еңбекші аудандық сотында Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының бұрынғы төрағасы Лариса Харькованың үстінен қозғалған іс бойынша сот басталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Харькованы сотқа берген жәбірленушілер - кәсіподақ басшылары Сәуле Әбдібаева мен Сайра Нұрбекова оны "кәсіподақтың 15 миллион теңгесін жымқырды" деп айыптайды. Харьковаға Қылмыстық кодекстің 189 бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 190-бап 2-бөлімінің 2-тармағы бойынша ("Алаяқтық") бойынша айып тағылған. Ол "ешқайда кетпейтіні" туралы қолхатпен бостандықта жүр.

Сотты судья Светлана Шыналиева жүргізіп жатыр. Сотқа құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, жәбірленушілер, Лариса Харькованың өзі, қос тараптың да адвокаттары қатысып жатыр. Түске дейін өткен сотта жәбірленушілер сөйледі.

Харькова сотта Азаттыққа өзіне қарсы істің "тапсырыспен жасалған" деп білетінін айтты.

Сот түстен кейін жалғасады.

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы 2016 жылғы ақпанның 12-сі күні құрылған еді. Кәсіподақ мүшелері бұл конфедерацияны тіркеу процесі 10 айға созылғанын айтады. 2014 жылғы шілдеде кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы (оны да Лариса Харькова басқарған) тіршілігін тоқтатып, амалсыз Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы құрылған. Харькованың сөзінше, жаңа конфедерация алдыңғы ұйымның орнына құрылған. Бірақ Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясына заңды жұмыс істейтін ұйым мәртебесін беруден бас тартқан.

2017 жылғы қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты (іс заңды тұлға тіркелген және Лариса Харькованың тұрғылықты орны бойынша қаралған) тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG