Accessibility links

Арман Дунаев "Казкоммерцбанктің" директорлар кеңесінің төрағасы болды


Арман Дунаевтың "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасының орынбасары болып тұрған кезі.
Арман Дунаевтың "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасының орынбасары болып тұрған кезі.

"Казкоммерцбанктің" директорлар кеңесінің төрағасы болып Арман Дунаев сайланды. Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дунаев бұл қызметке бүгін директорлар кеңесінің жаңа құрамының алғашқы отырысында сайланған. Дунаев мемлекеттің қолдауы мен банктің негізгі акционерлерінің ауысуы "қордаланып қалған проблемалардың көбін шешуге мүмкіндік тудырғанын" айтқан.

Биыл шілдеде "Халық банктің" "Казкоммерцбанктің акциясын сатып алу процесі аяқталған. "Казкоммерцбанк" акцияларының 86,09 пайызы Кеңес Рақышевтан, 10,72 пайызы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорынан сатып алынған. Келісім құны 2 теңгені құраған.

Қазақстан үкіметі биыл "банк жүйесін оңалтуға" екі триллион теңге бөлген. Кейбір сарапшылар бұл қаржының көп бөлігі "елдегі активтерінің көлемі жағынан ең ірі "Казкоммерцбанкке" бөлінеді деп болжаған. "Казкоммерцбанк" бұл пікірге қатысты комментарий бермеді.

31 шілдеде "Казкоммерцбанк" акционерлерінің жиынында бұрынғы директорлар кеңесі мүшелерінің, оның ішінде Кеңес Рақышевтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Дунаевтан өзге директорлар кеңесіне бас акционер Әлия Қарпыкованың өкілі Сәуле Кішкембаева, тәуелсіз директор Азамат Жолдасбеков пен Асқар Елемесов және "Казкоммерцбанктің" басқарма төрағасы Ульф Вокурка мүше болды.

50 жастағы Арман Дунаев 2000 жылдары қаржы министрі, қаржылық бақылау агенттігінің төрағасы болған, "Самұрық-Қазына" қорында басшылық қызметтер атқарған. Ол 2013 жылдың қыркүйегінен бері Ұлттық банк құрылымдарында жұмыс істеген.

Ақпанда Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рақышев "Казкоммерцбанктің" акционерлері қатарына 2015 жылы қосылған.

XS
SM
MD
LG